Accessibility links

"Нағыз бомба тастайтын уақыт келді". Трамп пен Масктың текетіресі


АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен миллиардер Илон Маск (сол жақта). 14 наурыз 2025 жыл.
АҚШ президенті Дональд Трамп (сол жақта) пен миллиардер Илон Маск (сол жақта). 14 наурыз 2025 жыл.

6 маусымда АҚШ президенті Дональд Трамп пен миллиардер Илон Маск желіде бір-бірін айыптап, сөз таластырды. Бұл – біраз уақыт бұрын бір-бірін мақтап, қол алысып жүрген екеудің алғашқы ашық текетіресі.

6 маусымда Трамп Ақ үйде журналистерге Масктан "көңілі қалғанын" айтып, "енді арамыз бұрынғыдай болмайды-ау" деді. Ал 5 маусымда Маск Х желісінде Трамптың салық пен мемлекет шығыны туралы заң жобасын сынаған.

АҚШ президенті бұл құжатты "үлкен әрі әдемі заң" деп атайды. Конгрестегі өкілдер палатасы бұл заңды сәл басымдықпен қабылдаған, бірақ заң сенатта қарсылыққа ұшырап жатыр.

Трамптың Ақ үйдегі сөзінен соң Маск Х желісінде "Менсіз Трамп сайлауда жеңілер еді, демократтар өкілдер палатасындағы көп орынды иеленіп, сенатта республикалықтарға жеңілер еді. Жақсылықты білмейді" деп жазды.

Бұған қоса, Маск Трамп пен Республикалық партияны бюджет дефицитін қысқарту саясатын декларация жасамады деп айыптады. Осыдан соң Трамп "бюджетті үнемдеудің ең оңай жолы – Масктың компанияларымен келісім-шарттарды тоқтатып, мемлекеттік субсидиялардан айыру. Байден мұны неге жасамағанына таң қаламын" деп жазды Truth желісінде. Трамп мұнымен тоқтап қалмай "Маск ақылынан адасты" деді.

Ал Маск өзінің SpaceX компаниясы Dragon ғарыш кемесі жобасын тоқтатады деп сес көрсетті. Қазір америкалық астронавтарды SpaceX компаниясының ракеталары ғарыш айлағына жеткізіп жүр.

Маск (сол жақта) пен Трамп Ақ үйде. 30 мамыр 2025 жыл.
Маск (сол жақта) пен Трамп Ақ үйде. 30 мамыр 2025 жыл.

Маск мұнымен тоқтап қалмай, "нағыз бомба тастайтын уақыт келді" деп мәлімдеп, "Трамптың есімі Эпштейн файлында бар. Сондықтан бұл файл жарияланбай отыр" деп жазды.

АҚШ-та қаржыгер Джеффри Эпштейнді кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрледі, балаларды бизнесмендерге қызмет көрсетуге итермеледі деп айыптаған.

Одан әрі Маск "Трампқа импичмент жариялау керек және оны вице-президент Джей Ди Вэнс алмастыру тиіс" деген жазбаны бөлісті.

Бұл текетіресінен кейін Масктың Tesla компаниясының акциясы 15 пайызға құлады. SpaceX биржада сатылмайды.

Миллиардер Маск Трамптың сайлау алды науқанына және президент әкімшілігінің жұмысына деп 250 млн доллар бөлген еді. Ал Трамп былтыр қарашада сайлауда жеңген соң Маскты Үкіметіндегі тиімділік департаментінің (DOGE) басшысы етіп тағайындаған.

Трамп бұл департаментті үкіметтің шығынын азайту үшін құрып, Маск 130 күн жұмыс істейді деген. 30 мамырда Маск Трамп әкімшілігінен кеткен. Оны Трамп Ақ үйде қабылдап, салтанатты түрде шығарып салған еді. Сарапшылар Маск басқарған DOGE басында 2 трлн долларды үнемдеуді көздегенімен, бұл мақсаттың ширегіне де жете алмағанын айтады.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG