Бұрын ArcelorMittal Temirtau болған, 2023 жылы үндістандық миллиардерден қазақстандық кәсіпкердің иелігіне өткен Qarmet компаниясының құрылтайшысы иесін ауыстырды. Тіркеу деректеріне қарағанда енді ол Сингапурда құрылған компанияның меншігінде. Бұл туралы қазақстандық Forbes сайты жазып, кейін мақаланы өшіріп тастаған. Азаттық мақаланы мұрағаттан тауып алды.
FORBES.KZ МАҚАЛАСЫ НЕГЕ ӨШІРІЛДІ?
Қазақстандағы ең ірі металлургиялық компаниялардың бірі – Qarmet-тің түпкі иесі ауысты. Нақтырақ айтқанда, Qarmet-тің жалғыз құрылтайшысы – QSG Holding Limited жеке компаниясының меншік иесі жаңарды. Egov порталының дерегінше, биыл 24 сәуірде жеке компанияның жалғыз құрылтайшысы болып Сингапурда тіркелген Qazaqstan Steel Group PTE LTD бекітілген.
Бұл туралы алғаш болып қазақстандық Forbes.kz сайты жазды. Алайда "Qarmet-тің бас компаниясы Сингапурға ауыстырылды" деген тақырыппен шыққан мақала көп өтпей өшірілді. Forbes.kz сайты мақаланың неге өшірілгенін түсіндірген жоқ, Азаттық сауалына әзірге жауап келмеді.
Архивте сақталған мақалаға қарағанда, Forbes.kz авторы Qarmet компаниясының бас құрылтайшысы Сингапурға ауыстырылғанын жазып, оның түпкі иесі кім екенін анықтауға тырысқан. Алайда журналист сингапурлық компанияның түпкі құрылтайшысын таба алмаған. Forbes.kz оның себебін былай түсіндірген:
"Qarmet-тің түпкі иесі саналатын компанияның жалғыз құрылтайшысы — VCC QSG Global. VCC — өзгермелі капиталы бар компания дегенді білдіреді. Бұл құрылымды Сингапур 2020 жылы енгізген және оны "ұжымдық инвестицияларға арналған мінсіз құрал" деп атайды. VCC-дың жарғылық капиталы бекітілмеген, бұл инвесторларды оңай кіргізіп немесе шығарып отыруға мүмкіндік береді, ол үшін акционерлердің күрделі келісімдерін алу қажет емес. VCC-дың тағы бір маңызды ерекшелігі — құпиялылық: олар өз иелерін жариялауға міндетті емес. Сондықтан ашық дереккөздерден Qarmet-тің түпкілікті иесінің немесе иелерінің кім екенін анықтау мүмкін емес".
Басылымның жазуынша, сингапурлық Qazaqstan Steel Group PTE LTD-дің директорлары қатарында үш тұлға бар. Олардың бірі – Александр Лаврентьев. Ол Qarmet-тің бастапқы иесі Андрей Лаврентьевтің бауыры болуы мүмкін дейді Forbes.kz. Одан бөлек түпкі иесі Қытай азаматы болып келетін Winfield Global Capital деген компания бұл құрылымды басқару ісіне араласады.
Бұған дейін Qarmet құрылтайшысы – QSG Holding Limited жеке компаниясына аттары ұқсас Qazaqstan Steel Group жауапкершілігі шектеулі серіктестігі иелік еткен. Оның құрылтайшысы – Андрей Лаврентьев. Бір ерекшелігі – жеке компанияның да, оған иелік еткен ЖШС-ның да жетекшісі бір адам. Ол – Cәрсембаева Салтанат Сатовна. Novoetv.kz басылымының жазуынша, Сәрсембаева Лаврентьев иелік ететін өзге де компанияларды басқарады.
Аталған компаниялардың аттары ұқсас болғандықтан, оларды тағы бір шолып өтейік.
Негізгі компания – Qarmet акционерлік қоғамы.
Оның жалғыз құрылтайшысы - QSG Holding Limited жеке компаниясы. Бұл компания "Астана" халықаралық қаржы орталығынде тіркелген.
Egov.kz дерегінше, QSG Holding Limited жеке компаниясының қазіргі құрылтайшысы – сингапурлық Qazaqstan Steel Group PTE LTD.
QSG Holding Limited жеке компаниясының бұрынғы құрылтайшысы – Qazaqstan Steel Group ЖШС.
Бұларды атауынан гөрі компания түрінен ажырату жеңілдеу болуы мүмкін. Яғни бірі – акционерлік қоғам, екіншісі – жеке компания, үшіншісі – шетелдік компания, төртіншісі – ЖШС.
Qarmet құрылтайшысын тіркеген "Астана" халықаралық қаржы орталығының дерекқорында, жеке компанияның қос құрылтайшысы бар деп көрсетілген. Олар: сингапурлық Qazaqstan Steel Group PTE LTD мен Андрей Лаврентьев иелік ететін Qazaqstan Steel Group ЖШС.
ӨШІРІЛГЕН МАҚАЛА ОРНЫНА QARMET МӘЛІМДЕМЕСІ
Forbes.kz сайты29 мамыр күнгі мақаласын өшірген соң, санаулы сағатта Qarmet компаниясының баспасөз қызметі таратқан ақпаратты бөліскен. Компания мәлімдемесінде "Сингапурда өкілдік аштық, ал акционер Қазақстанда орналасқан" деп жазылған.
"Сингапурде өкілдік ашу – қарқынды дамып келе жатқан азиялық нарықтың сын-қатерлеріне жедел әрекет ету қажеттілігінен туындап отыр. Жаңа кеңсе компанияның осы өңірдегі, соның ішінде Малайзия, Индонезия, Австралия және Сингапурдағы позицияларын нығайтуда маңызды рөл атқарады. Компанияның басқару құрылымы, соның ішінде акционер де – Қазақстан Республикасында орналасқан. Басқаруды шетелге беру немесе компанияны сату туралы ақпараттар шындыққа жанаспайды. Сингапурде кеңсе ашу – бизнесті институционалдандыру мен қазақстандық ірі кәсіпорындардың жаһандық деңгейге шығуына бағытталған саясаттың қисынды жалғасы. Бұл қадам компанияның трансформацияға деген берік ұстанымын және халықаралық кеңеюге деген амбициясын айғақтайды" дейді Qarmet баспасөз қызметі.
Бұрынғы ArcelorMittal Temirtau, қазіргі "Qarmet" акционерлік қоғамы — Қазақстандағы ең көп салық төлейтін 50 серіктестіктің бірі. Болат металын өндіретін ең ірі компания. 2023 жылы кәсіпорын шахтасындағы ірі апаттан кейін үндістандық миллиардер Лакшми Митталдың иелігінен қазақстандық кәсіпкер, Allur тобының акционері Андрей Лаврентьевтің иелігіне өткен. Лаврентьев кәсіпорынды QSG Holding Limited ЖШС арқылы сатып алып, басқарып келген. Сингапурда тіркелген компанияның да түпкі иесі Лаврентьев пе, әлде басқа инвестор ма, белгісіз.
ҚАЗАҚ БИЛІГІНІҢ ЖАУАБЫ
Азаттық Qarmet-тің Сингапурда тіркелген компанияға өтуі туралы сұрақты Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қойды. Вице-министр мен оған қарасты мекеме өкілі де ақпаратты жоққа шығарып, шетелде филиал ашылды деген компания ұстанымын қайталады.
"Сингапур мемлекетінде Qarmet-тің филиалы ашылған. Qarmet қазіргі уақытта қазақстандық компания деп есептеледі. Салықты мемлекетке төлеп жатыр" деді Азаттыққа Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков.
Вице-министр осыдан кейін жауапты толықтыру үшін сөзді Qazindustry орталығы басқарма төрағасының орынбасары Айдар Қожахметовке берді. Ол да сингапурлық құрылтайшылар жайлы ақпаратты жоққа шығаратынын айтты.
Азаттық тілшісі Egov.kz порталында сингапурлық компания филиал ретінде емес құрылтайшы ретінде тіркелгенін атап өтіп, сұрақты қайталап қойғанда Қожахметов: "Forbes-тің жазғанына жауап бере алмаймыз. Egov-та қандай ақпарат бар екенін, сіз айтып отырғанын нәрсені түсініп отырған жоқпыз. Qarmet-тің негізгі құрылтайшысы "Астана" қаржы орталығында тіркелген. Бір ғана құрылтайшысы бар, ол Қазақстан азаматы болып есептеледі" деді.
Редакция Qarmet-тің сингапурлық құрылтайшысына қатысты сұрақты ұлттық экономика министрі Серік Жұманғаринға да қойды. Министр "бұл ақпараттан хабарсызбын, бірақ маған компанияның дамып, салығын дұрыс төлегені керек" деп жауап берді.
"Шынымды айтсам ол туралы ешнәрсе айта алмаймын. Бүгін таңертең (2 маусым – ред.) естіген ақпарат. Өсек пе, рас па? Маған керегі – Qarmet-тің дамып, дұрыстап салық төлегені" деді Жұманғарин.
Қазақстанда рейдерлік басып алудан сақтану үшін компания меншік иесін шетелде тіркеу тәжірибесі кең тараған. Бірақ "Елге қайтару" қоғамдық қорының басшысы, Қаржыгер Оразалы Ержанов қазба байлықтарын өндіріп отырған компаниялардың жағдайында бұл "ұрланған ақшаны сол жаққа тығу" жолы деп санайды.
"Сингапурдағы филиал емес, керісінше, құрылтайшысын сол жоққа шығарып жатыр. Ал ертең Қазақстаннан тапқан табыс сол жаққа кетеді, салықты сол жаққа төлейді. Ол ақша қалай бөлінді, кімнің қалтасына түсті ол ақша оны біздің ел білмейтін болады. Осыны тығу үшін жасалып жатқан нәрсе" дейді ол.
ПІКІРЛЕР